Авторлар туралы

Аркадий Александрович Слудский
(1912-1978)Биология ғылымдарының докторы, профессор, ҚазССР ҒА-ның корреспондент-мүшесі, КСРО және ҚазССР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты (27-сурет). Қазақстанның жетекші ғалым-териологы, қазақстандық териология мектебінің негізін қалады және ҚазССР ҒА-ның зоология институтында териология зертханасын құрды және оны өмірінің соңына дейін басқарды. 1967-1971 жылдары ҚазССР ҒА-ның зоология институтының директоры болды. Аркадий Александрович – «Млекопитающие Казахстана» кітабтарының (1969-1985) ұйымдастырушысы, әрі авторы және редакторы (8 басылымның), кітап Москва табиғат зерттеу қоғамының (МОИП) сыйлығымен марапаталды. Аркадий Александрович өзінің саналы өмірінің бәрін Қазақстанның кәсіптік маңызы бар сүтқоректілерін зерттеуге және оны тиімді пайдалануға арнады. Оның атымен Қазақстанда ондатрды жерсіндіру, ақбөкенді, қарақұйрықты және жабайы доңызды зерттеу жұмыстарымен тығыз байланысты. Ол «Пушные звери Казахстана» (1939) және оқырмандарға кеңінен танымал «Владыка джунглей» (1966) кітаптарының авторы. Аркадий Александрович Қазақстанның Қызыл кітабын ұйымдастырушысы және оның бірінші редакторы [9]. А.А. Слудский студенттік жылдарынан бастап Сібір және Қазақстан аумағында көптеген экспедицияларға қатысты. Музей қорында Қазақстанның омыртқалы жануарларының 27 дарағының әртүрлі тұлыптары сақтаулы, ал 1970-ші жылдардың ортасында отбасылық құс жұмыртқаларының 1163 дана коллекциясын музейге сыйлады, ол өте құнды жәдігерлер санатына жатады.
Максим Дмитриевич Зверев
(1896-1996)Зоолог, биология ғылымдарының кандидаты, белгілі табиғат танушы, «Қазақстанның Халық жазушысы» атағына ие болған адам (26-сурет). Ол Томскі университетінің биология факультетін бітірген. Уақтысында Сібір өсімдіктерді қорғау институтының (Новосібір) омыртқалы жануарлар бөлімін басқарды, осы инсититуттың Иркутскіде және Красноярскіде филиалдарын ұйымдастырды. Новосібір хайуанаттар бағын және Сібірде алғашқы рет жас натуралистер станциясын құрды. Өмірінің 25 жылын Шығыс, Орта және Батыс Сібірдің фаунасының құстары мен аңдарының халықшаруашылығындағы маңызын зерттеді, ал 1937 жылы Қазақстанға көшіп келді және Алматы хайуанаттар бағының ұйымдастырушыларының бірі болды, осы жерде бірнеше жыл ғылым бөліміне жетекшілік етті, кейінен Алматы қорығының ғылым бөлімін де басқарды [9]. Музей қорында 1920 жылдары Сібірден ұстаған 71 құстарының нақтұлыптары сақтаулы. Осылардың арасында Семей облысының аумағында 1921 жылдың жаз айында Томскі қаласының орнитология қоғамы ұйымдастырған экспедициясы кезіндегі ұстаған құстарының тұлыптары да бар.
Владимир Николаевич Шнитников
(1873-1957)КСРО ҒА корреспондент-мүшесі, профессор, Жетісу өңірінің табиғатын және жануарлар дүниесін зерттеуші ғұлама ғалым (25-сурет). Ол «Птицы Семиречья» (1949), «Млекопитающие Семиречья» (1936, 1949) және көптеген ғылыми-көпшілік кітаптардың авторы. В.Н. Шнитников құрметіне Жоңғар және Іле Алатауындағы екі мұздыққа ғалымның аты берілген. В.Н. Шнитников Жетісу өңірін зерттеуге өмірінің көбін, яғни 45 жылын арнады. М.А. Мензбирмен бірлесіп Жетісу өңірінің эндемигі сексеуіл торғайының Podoces panderi ilensis Menzbir & Schnitnikov, 1915 түршесін ғылымға сипаттап жазды [9]. Владимир Николаевич Қазақстанға 1907 жылы келген және 1922 жылға дейін Жетісуге қоныс аударған аудандарда агроном болып қызмет етті, одан кейін Жерді игеру Минстрлігінің жердің құнарлығын арттыру бөлімінде топырақтану-ботаникалық экспедициясын басқарды. Кейінірек оның бастамасымен Орыс География қоғамының Жетісу бөлімшесін құрды және оны бірнеше жыл басқарды. Осы жылдары Верный (қазіргі Алматы) қаласындағы музейді сақтап қана қойған жоқ, керісінше оны кеңейтуге ат салысты. Университтеттің биология музейінің қорында осы ғалымның 26 құстарының және 127 сүтқоректілерінің өзі жасаған тұлыптары сақтаулы. Осылардың арасында ертерек ұстаған құстарының бірі - кіші боз торғайды (Calandrella brachydactyla) 1915 жылдың 12 тамызында Шығыс Балқаш өңірінің Лепсі өзенінің төменгі сағасынан ұстаған. Кейінірек ұстаған аңдарына 1938 жылдың жазында Үлкен Алматы шатқалындағы жануарлары жатады.

Виталий Чеславович Дорогостайский
(1879-1938)Зоолог, Байкал, Ангара, Хубсугула және Хамар-Дабана тау көлін зерттеген ғалым (29-сурет), Байкал гидробиологиялық станциясын және Иркутскі университетінің Зоология музейін ұйымдастырушысы. Виталий Чеславович Иркутскі ер балалар гимназиясын бітіргеннен кейін, 1898-1906 жылдары Строгановскі көрекемсурет училищесінде және сонымен қатар Москва университетінде оқыды, ол жерде орнитолог мамандығына профессор М.А. Мензбирдің жетекшілігімен тәрбиеленді. 1906 жылы университетті бітірген соң Иркутскіге оралды, ол жаратылыстану пәнінің ұстазы болып қыздарға және ер балаларға арналған гимназияда сабақ берді, Орыс георафиялық қоғамында және Иркутскі магнитті-метеорологиялық обсерваториясында белсенді жұмыс атқарды. Виталий Чеславович Моңғолия, Урунхай аймағындағы, Шығыс Сібірдің Яблоновый және Становой қыраттарын зерттеу экспедицияларына қатысты [17]. 1910-1917 жылдары Москвада тұрды және Салыстырмалы анатомия институтында қызмет етті, 1910 жылы экваториальды Африка экспедициясына қатысты, ал 1915 және 1916 жылдары - Байкал көліне сапар шекті. 1917 жылы Омск ауылшаруашылығы институтының профессоры болып сайланды, ал 1919-1937 жылдары Иркутскі университетінің омыртқалылар кафедрасының меңгерушісі болып қызмет етті. 1937 жылдың жазында профессор В.Ч. Дорогостайский ҚазМУ-нің әкімшілігінің шақыруымен Алматыға келді және биология факультетінің зоология кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. Өкінішке орай, оның ҚазМУ-індегі қызметі қысқа болды - 1937 жылдың 15 шілдесінен 25 тамызға дейін, яғни НКВД органдары қамауға алғанға дейін жұмыс еcтеді. Ол өзімен алып келген көбіне Иркутскі облысы аумағынан ұстаған құстары мен аңдарын музейге беріп үлгерді, қазіргі күнде 116 құс пен сүтқоректілердің тұлыптары сақтаулы [18]. Университетте бар болғаны 40 күн қызмет еткеніне қарамастан, ол Алматы қаласының маңына үш рет ғылыми экспедицияға шыққан, соның ішінде 14 және 15 шілдеде Асташин тоғанында, 7 тамыз күні Қаскелен өзенінің бойында болған. Қорда осы жерлерден ұстаған 13 құстың және 2 кеміргіштің өзі жасаған тұлыптары сақтаулы

Виктор Алексеевич Селевин
(1905-1938). Қазақстанның белгілі зоологы, өзінің ғылыми жұмысын Семейдің өлкетану музейінен бастаған (28-сурет). 1927-1932 жылдары Томскі қаласында және Ортаазия университетінде (Ташкент) оқыды. Ол Шығыс, Оңтүстік-Шығыс және Орталық Қазақстан аумағындағы көптеген зоологиялық экспедицияларға қатысты. Солардың ішінде оған абырой атақ алып келген Бетпақдала кешенді ғылыми зерттеу экспедициясы. Өкінішке қарай, 1938 жылы 4 қараша күні кенеттен жүрек талмасынан қайтыс болуы оның ғылыми зерттеулері аяқталмай қалды, бірақ оның жинаған материалдарын алматылық әріптес ғалым В.С. Бажанов және оқушы-студенті Б.А. Белослюдов зерттеп кеміргіштің жаңа түрін ғылыми түрде сипаттады, оған Selevinia betbakdalensis деп атады және осы түрге арнайы жеке тұқымдасын да сипаттап жазды [9]. В.А. Селевиннің 1933-1938 жылдары Қарағанды облысынан және Бетпақдала экспедицияларында жинаған құстары мен аңдарының тұлыптары, соның ішінде алғаш ғылымға сипаттап жазылған қалқанқұлақтар, музей қорында өте ғылыми құнды коллекция ретінде сақтаулы.

Борис Петрович Жуйко
Белгілі таксидермист, Э.Ф. Родионовтың оқушысы әрі ісін жалғастырушысы. 1954 жыл Алматыда туылған, 1977 жылы С.М. Киров атындағы ҚазМУ-нің биология факультетін бітірген. Студенттік жылдары орнитология мен таксидермист мамандықтарына маманданды, бітірген жылы ол жұмысқа университеттің биология музейінде қызметке қалдырылды. 1979 жылы белгілі бір себептермен ҚазССР ҒА зоология институтының орнитология зертханасына ауысты, ал сол жылдың желтоқсан айында ҚазССР ҒА-ның Табиғат музейінде қызмет етті. Одан кейінгі жылы Қазақстан зоокомбинатында таксидермист болып бір жыл жұмыс жасады, 1981 жылдың науырызында ҚазССР ҒА-ның Табиғат музейінің палеобиология зертханасына инженер болып ауысып кетті. 1986 жылы Борис Петрович университеттің биология музейінің таксидермиялық қайта өңдеу шеберханасының меңгеруші қызметіне шақырылды, ол осы жерде қазіргі уақытқа дейін жемісті жұмыс жасап жүр. Музейде отыз жылдан аса қызмет еткен кезінде өзін жоғары санаттағы таксидермист екенін көрсете білді. Оның қолынан арнайы жаңа диорамаларға және жануарлардың биологиялық топтарына арнап жасалған нақтұлыптар жасап, санын көбейтті, омыртқалы жануарлардың коллекциясын толықтыруда үлкен қызмет атқарып келеді, сонымен бірге кәсіби таксидермистерді дайындауда да үлкен үлес қосып жүрген азамат.

Мусабеков Кылышбай Сатимбекович
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология мұражайының бас маманы, биология ғылымдарының кандидаты. Ресей Жаратылыстану Академиясының құрметті ғылым докторы, профессоры, "Ғылым мен білім саласына еңбегі сіңген қызметкері”. Қазіргі кезде 120-дан аса ғылыми және ғылыми көпшілік еңбектердің авторы. Соның ішінде Ұлттық энциклопедияда «Қазақстан» (1998-2007) - 21, Қазақстанның Қызыл кітабына (2010) - 2, Оңтүстік Қазақстан облысының Қызыл кітапқа енген жануарлар әлемі (2014) - 2, Атлас природных и техногенных опасностей и рисков чрезвычайных ситуаций РК (2010) - 2, Орта Азия және Қазақстанда (1988) шиебөріні аулау тәсілдері, ҚР БҒМ-гі бекіткен ЖОО-на арналған «Териология» (2011), «Омыртқалылар зоологиясының зертханалық сабақтары (Оқу-әдістемелік нұсқаулық, 2015)» оқулықтарының, «Шакал в Казахстане» (Lamberd, 2014, Германия) монографиясының және т.б. еңбектердің авторы және ҚР Мәдениет министрлігінің тіл комитетінің тапсырысымен орындалған қазақша-орысша және орысша-қазақша «Биология» термин сөздігінің авторы және авторлық топтың жетекшісі (2014) және т.б.