Көрме залы

Биология музейі үлкен көрме залынан және 2 сыртқы қабырға сөрелерінен (витриналар) және таксидермиялық қайта өңдеу зертханасынан тұрады.
Көрме залындағы экспонаттарды жасаған таксидермистер Э.Ф. Родионов, З.Т. Срединина, Б.П. Жуйко, С. Кокоткин, С. Шевяков және оны безендіру жұмыстарына жетекшілік еткен “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері”, Көркесурет Академиясының және Жаратылыстану Академиясының академигі К.В. Муллашев және суретшілер Т. Исхаков, В. Егоров, И. Агапов, А. Уткин, М.П. Ким және т.б. безендірді [1].
Көрме залы 3 бөлімнен тұрады, ондағы биологиялық материалдар биология ғылымының негізгі бағыттарының тақырыптарына сай жүйеленді. Диорама арқылы оқу құралдарын региондардың экологиялық ландшафт тәсілі арқылы көрсету төмендегі тақырыптарға жіктеуге мүмкіндік берді:
I. Қазақстан биотоптарының биоалуантүрлілігі, экожүйелігі және табиғи зоналары;
II. Органикалық дүниенің эволюциясы;
III. Экология және табиғат қорғау.

I. Қазақстан биотоптарының биоалуантүрлігі, экожүйелігі және табиғи зоналары
Бұл бөлім екі бөліктен тұрады, онда Қазақстан биотоптарының биоалуантүрлігі, экожүйелігі және табиғи зоналары көрнекті диорамаларда, қабырға сөрелері мен картада көрсетілген (8,9-суреттер). Үлкен кең 14 диорамада Қазақстанның биотоптарының биоалуантүрлігі «Тақыр шөл», «Құмды шөл», «Тоғай», «Қамыс-қопалар», «Селеулі дала», «Тау жоталары», «Альпі жазығы», «Тау етегі», «Аралас орман» және т.б. көрсетілген. Сонымен бірге 9 кіші және 3 ашық үлкен диорамалар, 9 карта, 51 кестелер мен құстардың көктем-күзде ұшып келу паносы қойылған. Картада ақбөкендердің миграциясы және Қазақстанға құстардың көктем-күзде ұшып келу жолдары көрсетілген [1].
Залда құстардың 19 отрядына 47 тұқымдасына жататын 138 түрлері (жалпы саны 278) қойылған, олардың 27 түрлері Халықаралық Табиғат Қорғау Одағының (ХТҚО) және Қазақстанның Қызыл Қызыл кітабына тіркелген. Сүтқоректілердің 8 отрядына және 20 тұқымдасына жататын 56 түрі (жалпы саны 91) бар, оның 13-і ХТҚО және Қазақстанның Қызыл кітабына енген түрлер. Осылармен қатар экзотикалық аңдар мен құстар және бауырымен жорғалаушылардың нақтұлыптары қойылған. Сонымен қатар бұл жерде «Ақбөкендер», «Сілеусіннің елікке шабуылы», «Қасқырлардың үйірі», «Текелердің текетіресі», «Бұландар», «Қоңыр аю» және «Керқұлан» сияқты аңдардың нақтұлыптары тұр. Олардың кейбіреулеріне тоқтала кетейік.

Керқұлан (Equus przewalskii Poljakov, 1881)
Ол Орталық Азияның эндемикалық түрі 1881 жылы зоолог И.С. Поляков аттың бас сүйегі мен терісіне қарап ғылыми сипаттап жазып, оған осы жануарды алғашқы рет алып келген саяхатшы Николай Михайлович Пржевальскийдің құрметіне Пржевальский жылқысы деп ат берді (10-сурет). ХТҚО және ол Ресей Федерациясының Қызыл және Халықаралық сауда ұйымының жабайы фауна және флора түрлерімен сауда саттық жүргізудің жойылып кету қаупі төнген Конвенциясының 1 қосымшасына енгізілген түрлеріне (CITES) жатады.
Керқұланның тарихи таралу отаны болып Моңғолия және Қытай, жергілікті халықтар оны тахи және кертаг деп атаған. Осыдан 150-200 бұрын Қазақстанның құмдары мен шөлейт далаларында қазіргі Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Алматы областарының аумағында, Зайсан, Алакөл, Сасықкөл және Балқаш көлдерінің маңында кеңінен таралған [4].
Қазақстан аумағында 2003 жылы алғашқы жылқылардың табиғаттағы еркін популяциясы «Алтын емел» ұлттық саябағында Мюнхень және Алматы хайуанаттар бақтары мен ҚР БҒМ зоология иституттарының бірлесіп жасаған керемет жобасы аясында іске асты. Алтын емел аумағына керқұланның таза қанды геллабрун тобының А санатын жататын жабайы жылқылар үйірі әкеліп жіберілді. Жануарлар ұлттық саябақтың аумағындағы жаңа жағдайға оңай жерсінді және өте тез бейімделді. Музейдің коллекция қорында нақтұлыптан басқа осы жылқылардың бас сүйектері мен терісі сақтаулы.

II. Органикалық дүниенің эволюциясы
Бұл бөлімде Жер бетінде тіршіліктің пайда болуының ғылыми тұжырымдамасы мен адамның пайда болуы туралы мәліметтер берілген (16-сурет). Кіші минатюрлі диорамаларда органикалық дүниенің өсімдіктері мен жануарлар типтерінінің «Силурдан кайнозойға» дейін дамуы туралы кең мәліметтер берілген. Осы жердегі үлкен ашық диорамада алғашқы адамдардың тұрағы көрсетілген. «Гондван» картасында құрлықтардың ерте кезден бастап (180 млн. жыл бұрын) қазіргі уақытқа дейінгі қозғалысы көрсетілген. Ал «геохронолгиялық тізбеде өсімдіктердің және жануарлардың негізгі топтарының таралуының» ғасырлары, дәуірлері, кезеңдері көрсетіліп өте құнды ғылыми-ағарту ақпараттары берілген.
Осы бөлімде «Іле түйеқұсы» туралы диорама орналасқан, ол жоғарғы кайнозой да Шарын шатқалынан және Іле өзенінің сол жақ жағалауының таулы қыраттарынан қазіргі Алматы облысының Шелек, Кеген, Райымбек аудандарының бірнеше жерлерінен жойылып кеткен түйеқұстың көптеген жұмыртқа қабықтарының қалдықтары табылғаны туралы мәліметтер негізінде жасалған (11-сурет) [5, 6]. Осы жерден Қазақстан аумағында түйеқұстардың екі түрі мекендегені туралы мәлімет алуға болады: Струито камелюс 5 млн жыл бұрын қазіргі Павлодар қаласының маңында ерте плиоценде және шамамен 2 млн жыл бұрын ірі Іле түйеқұсы ол түркістан немесе солтүстік африкалық Струтио монголикус түріне жақын түйеқұс болған [7].
Жойылып кеткен «Іле түйеқұстың» жұмыртқа қабығының қалыңдығы 3,5 мм, ал қазіргі түйеқұстардың жұмыртқалары 2 мм-ден аспайды. Ал түйеқұстардың жұмыртқа қабығының қалыңдығы құстардың дене пішініне байланысты болады екен. Осы көзқарасқа қарап, Іле өзені бассейіндегі жойылып кеткен түйқұстар, қазіргі Африкалық түйеқұстардан және қазіргі Қырғызстан аумағында кездескен түйеқұстардан әлде қайда ірі болған. Шамамен олардың денесінің биіктігі ірі мао құстарына жақын, яғни 4 м-ге жуық болған [6]. Сонымен, «Іле түйеқұсы» қазіргі Алдыңғы Азия, Солтүстік, Оңтүстік және Шығыс Африкада кездесетін түйеқұстардың шыққан отаны болып саналады. П.А. Тлеубердинаның (2009) мәліметі бойынша Қазақстан аумағынан жойылып кеткен түйеқұстардың 25 жерден жұмыртқаларының қалдығы табылған, олар түйеқұстардың төрт түріне жатады [8].
«Іле түйеқұсы» диорамасы осы оқиға негізінде жасалған, оны таксидермистер Э.Ф. Родионов, С. Шевяков, С. Кокоткин және суретші В. Егоров жасаған.
Осы жерде музейдің және Қазақстан таксидермистерінің мектебінің негізін қалаған Эвальд Фёдорович Родионовқа және «Қалқанқұлақ - музейдің мақтанышы» деген селевинияның «Ученые записки КазГУ» журналында алғаш рет ғылыми түрде жазылуының 75-жылдық мерейіне ойластырып жасалған диорама қойылған.

«Родионов Э.Ф. - музейдің және Қазақстан таксидермия мектебінің негізін қалаушылардың бірі» диорамасы
Эвальд Федорович Родионов (1926-1989) - Қазақстанның ұлы таксидермисі және әл-Фараби атындағы Биология музейінің зоологиялық экспозицияларының авторы (12-сурет). 1953-1967 жылдары ҚазССР ҒА зоология институтында қызмет еткен және өзінің еңбегі арқылы «алтын қолды - шебер» деген атқа ие болған адам. Оның іскерлігінің арқасында музейде құстардың коллекциясы құрылды, оған арнайы сөрелер, шкафтар мен жәшіктер жасалды. Э.Ф. көптеген ғылыми экспедицияларға қатысты, ол құстарды табиғатта тани білетін керемет орнитолог және оларды жинай білетін коллектор болған, зоология институттының бірнеше мыңдаған құстарының коллекциясының тұлыптарын жасаған шебер [9]. Эвальд Фёдорович «Қазақстан құстары» атты 5 томдық кітаптың авторларының бірі, «Тарғылтайлар тұқымдасы» очеркін жазған.
ҚазМУ-нің жаңа қалашығында биология музейі жобаға енгізілген кезде Э.Ф. Родионов университет әкімшілігінің шақыруын қабыл алып, 1967 жылдан университетте жұмыс істей бастады. Алғашында музей меңгерушісі, одан кейін ашылатын музейдің директоры болып, кейінен таксидермия шеберханасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. Осы ашылған музей оның өмірінің бір бөлігі болып саналады, оның ұйымдастырудағы еңбегі ерен. Э.Ф. осы музейдің толық эскизінің жобасын және барлық диорамаларды қалай жасау керек екенін және оның ішіне қандай аңдар мен құстардың түрлерін қоюға болатынын ғылыми тұрғыда ұйымдастырды әрі өзі басқарды және орындады. Экспозицияларды безендіру кезінде Э.Ф. Родионов әрбір жануарлардың құрамын және қандай бейне де тұруын яғни бірден жұмыс барысында нақты әрбір аңды «өз» орнына қойып отырды [3]. Осы жұмысқа 20 жылын арнады, жұмыстың жемісін университет студенттері мен ұстаздары, осы музейге келетін мыңдаған көрермендер пайдаланып отыр. Э.Ф. Родионов тек көрме залын ғана жасап қойған жоқ, ол ғылыми қорды реттеп, шамамен 3 мыңға жуық құстардың нақтұлыптары мен тұлыптарын жасады. Ол биология музейіне қажетті барлық материалдық базасын реттеді, оның қолынан аса шеберлікпен жасалған таксидермиялық оқу құралдары қорда, көрме залында тұр. Эвальд Фёдорович Қазақстан аумағында алғаш рет таксидермия мектебінің негізін қалады, оннан аса шәкірттер тәрбиеледі, олар ел аумағында және Ресейде қызмет етіп жүр [3, 9, 10].

«Жалман немесе қалқанқұлақ - Selevinia betpakdalensis Belosludov et Bazhanov, 1938 - селевиния» диорамасы
1938 жылы ҚазМУ және ОАМУ (Ташкент) ұйымдастырған кешенді Бетпақдала экспедициясының жетекшісі В.А. Селевиннің 5 бас ғылымға белгісіз кеміргіштің түрін ұстап алып келді (13,14-суреттер). Экспедициядан оралған соң 17 қазан күні ҚазМУ-нің әкімшілігінің және Қазақстан зерттеу одағының Зоология секциясында Виктор Алексеевич экспедицияның ғылыми есебінің алдын ала қортындысын баяндау барысында осы ерекше кеміргіштің жүйелік ерекшеліктерін атап, оның жаңа түр болуы туралы жорамалын айтты [11, 12].
Одан кейін кеміргішті зерттеулер В.А. Селевиннің аурып және кенеттен қайтыс болғанына байланысты тоқтап қалды.
Осы зерттеуді ары қарай зерделеп, сипаттап жазу 1938 жылы музей қызметері әрі әріптесі В.С. Бажанов пен студент Б.А. Белослюдов жалғастырды және осы кеміргішке алғаш ұстаған және ғылыми сипаттаған биология факультетінің зоология кафедрасының доценті, ғалым-зоолог В.А. Селевиннің құрметіне «селевиния» деп атады, кеміргіштің ғылыми толық атауы - Selevinia betpakdalensis Belosludov et Bazshanov (1938). Қазіргі кезде музей қорында 1933-1938 жылдары Бетпақдала экспедициясында жиналған 178 бас құстың және 150 бас сүтқоректілердің тұлыптары сақтаулы.
Музей қорында селевинияның ғылымға сипатталып жазылған 3 тұлыбы мен Алматы хайуанаттар бағында 1939 жылы әкесі жұмыс істеген адамның қызы 2013 жылы бізге жалғыз дана селевинияның ылғал препаратын әкеп берді. Бұл кеміргішті 1939 жылы мамыр айында Б.А. Белослюдов арнайы Бетпақдалаға барып ұстап Алматы хайуанаттар бағына алып келген, бір жылдай М.Д. Зверев оны үйінде ұстаған, ол туралы 1993 жылы Selevinia журналында жазған [13].
Осы кеміргіштің тұлыптары қазіргі күнге дейін музей де өте құнды ғылыми жәдігер есебінде сақтаулы. Сондықтан да биология музейінің логотипінде осы ғажайып кеміргіш бейнеленген.
III. Экология және табиғат қорғау
Көрме залының ең жоғарғы бөлігінде жер бетінен жойылып кеткен жануарлардың түрлері және Қазақстанның реликті және эндемик өсімдіктерлерінің түрлерінің суреттері салынған пано қойылған (17-сурет). Осы қатарда 1984 жылғы КСРО-ның қорықтары көрсетілген карта және Қазақстанның сол уақыттағы 7 қорығының қайда орналасқаны және ол жерлерде қандай аңдар мен өсімдіктердің түрлері кездесетіні туралы қысқа мәлімет берілген пано орналасқан.
Осылармен қатар, төрт арнайы диорамада адамның іс әрекетінің арқасында пайда болған экологиялық апаттардың салдары көрсетілген:
- Австралияның табиғи экосистемасына оларға тән емес ғылыми негізсіз жерсіндірілген ін қояндарының (кроликтердің) әсері көрсетілген;
- тундра экосистемасын тез игерудің келеңсіз салдары көрсетілген;
- су айдынына мұнайдың төгілуінен болған апат;
- табиғи апаттың салдары - Іле Алатауының шатқалында болған селдің салдары.
Қазақстанның Егемендігінің 20 жылдығына орай тоғай ормандарының патшасы - «Тұран жолбарысы» нақтұлыбын музейдің қайта өңдеу таксидермиялық шеберханасы қайта өңдеп көрме залына қойды.

Тұран жолбарысы - Panthera tigris virgata Illiger, 1815 - Туранская тигр
Тұран жолбарысы ХХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстан аумағында сонау Каспийден Зайсанға дейін мекендеген (15-сурет). Қазіргі кезде осы түр Орталық Азияның бұрынғы таралу аймақтарынан мүлдем жойылып кетті. Музейдегі жолбарыстың нақтұлыбы өте ерекше, себебі ол соңғы тұяқтардың бірі, оны 1930 жылы Іле өзенінің тоғайынан аңшылар атып алған. Бұл жаңа туған, орташа денелі, емшек бездері жетілген жас жыртқыш. Денесінің ұзындығы 170 см, құйрығы - 95 см.
Бұл жәдігер музейдің ескі ғимаратында 1940-1960 жылдары қойылған, кейінен ол естен шығып, шаң басып музей қорында жатқан. Тек 50 жылдан кейін, 2011 жылы жолбарыстың нақтұлыбы қайтадан өз тұғырына өте құнды ғылыми жәдігер есебінде қайта қойылды.
Қазіргі кезде таралу аймақтарында тұран жолбарысының нақтұлыбы сақталмаған. Ақпараттар дерегі бойынша 1960 жылы Ташкент қаласындағы Табиғат музейінде осы жолбарыстың нақтұлыбы болған, сол жылдың ортасында болған өрт салдарынан нақтұлып жанып кеткен. Сондықтан, біздің музейдегі тұран жолбарысының нақтұлыбы өте құнды ғылыми жәдігер болып саналады.
Осы бөлімде Биология музейінің 80-жылдығына орай «Биология музейінің тарихы» атты диорама ашылды.
Көрме залында диорамалармен қатар құстар мен аңдардың нақтұлыптары қойылған. Құстардың 19 отрядының 49 тұқымдасының 138 түрінің 278 данасы бар. Сүтқоректілердің 92 дарасының 46 түрі, яғни олар 6 отрядқа және 20 тұқымдасқа жатады. Осылармен қатар залда экзотикалық аңдардың 5 түрі, олар 4 отрядқа және 5 тұқымдасқа жатады [14, 15]. Төменде көрме залына қойылған омыртқалы жануарлардың толық тізімі беріліп отыр.