Мұражайдың тарихы

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Биология музейі (ҚазҰУ БМ) 1936 жылы биология факультетінің зоология кафедрасының жанынан зоология музейі болып ашылған (1-сурет). Музей ашу жоспары университеттің биология факультеті ашылғаннан бері ойда жүрген іс еді.

Музейдің тарихын сараптай келе, оны бірнеше кезеңге бөлуге болады:
I - 1936-1948 жж. - зоология кафедрасының жанынан зоология музейінің ашылуы
II - 1949-1969 жж. - зоология музейінің биология музейі болып қайта құрылуы
III - 1970-2010 жж. - биология музейі биология факультетінің ғимаратында, университеттің жаңа қалашығында ашылуы
IV - 2011 ж. - қайта жаңғыруы және оңтайландырылуы.

Бірінші кезең. 1936 жылы биология факультетінің зоология кафедрасының жанынан зоология музейі ашылды. Факультетте музейді ашу мақсаты - музейде Қазақстан фаунасының қорын жасақтау және оны профессор-оқытушылар мен студенттер сабақ процесінде және ғылыми-зерттеу жұмыстарында пайдалану.
Оны ұйымдастырған биология факультетінің профессор-оқытушылары А.Н. Бартенов, В.А. Домбровский, П.О. Исаев, А.Е. Горынин, Б. Сердюк, В.С. Бажанов, А.С. Космачевский, М.В. Пилат, В.А. Селевин, В.Ч. Дорогостайский, В.А. Хахлов, А.А. Емельянов, Н.С. Литвиненко, Г.Ш. Шаменов, Д.А. Поляков, Н.Г. Скопин, Н.П. Глиняный және т.б. (2-сурет) [1].
С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекттік университетінің 1934 жылы ашылған кезде профессор Б.А. Домбровский омыртқалылар зоологиясы және одан кейін салыстырмалы анатомия кафедрасының меңгерушісі кезінде, өзінің Алматы зооветеринарлық институтында (АЗВИ) анатомиялық музей ұйымдастыру тәжірибесіне сүйене отырып биология факультетінде зоология музейін ашу қажеттілігін алға қойды. ҚазМУ-де алғашқы жұмыс күнінен бастап КСРО кеңістігіндегі зоолог әріптестерімен хат жазысып, олардағы кездесетін жануарларды Қазақстан аумағында ғана кездесетін зоологиялық обьектілермен алмасуға шақырды, сөйтіп музейдің қорын жасақтады. Одақтағы зоологиялық музейлері ғана емес, сонымен бірге Қара және Азов теңізіндегі биологиялық станциялармен қатар Қиыр Шығыстағы Тынық мұхит балық шаруашылығы және Океанография институтымен (ТИНРО) және т.б. хат жазысып тұрды.
1936 жылы зоомузейдің штатында 2-3 адам ғана болды, ірі аңдардың нақтұлыбын жасаудың кәсіби маманы А.Е. Горынин, музей коллекцияларының қорын жасақтаушы Б. Сердюк қызмет етті. Осы кезеңдерде б.ғ.к., доцент А.А. Емельянов, б.ғ.д. А.Н. Дьяконов и ассистент Г.Ш. Шаменовтер болды. Музейді әрі қарай дамытуға Д.Л. Поляков (ботаник), Н.Г. Скопин (энтомолог), Н.П. Глиняный (дарвинизм) сияқты ұстаздар үлкен үлес қосты.
Зоология музейі құрылған алғашқы жылдары Қазақстан аумағында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген КСРО ҒА-ның зоология институтының профессоры В.Н. Шнитников (Ленинград қ.), Жетісу өңіріндегі экпедициясы кезіндегі коллекцияларынан 26 құстың және 127 кеміргіш тұлыптарын сыйлады. Қазақстанның Халық жазушысы, б.ғ.к., доцент М.Д. Зверев 71 құстың тұлыбын, ал ҚазССР ҒА корреспондент мүшесі А.А. Слудский 27 жануарлардың және 1163 құс жұмыртқасын тарту етті.
1939 жылы белгілі ғалым Невадскийдің Орта Азия мен КСРО-ның Еуропа бөлігінде жинаған саңырауқұлақтарының гербарийін алмасу арқылы музейге алды. 1938-1939 жылдары зоомузейді таныстыру мақсатында жас ғалымдар мен мектеп оқушыларына Орнитология мәселелеріне арнап алғашқы рет конференция ұйымдастырды, онда студенттер Е.В. Гвоздев, И.К. Зворыкин, К.Н. Параскив, Б.А. Белослюдов, Д.К. Папаротный, Варатуллин, Савельевалар ғылыми баяндамалар жасады. Музей атқарылып жатқан жұмыстарын насихаттауда сол кезеңдердегі оқушылар арасында ұйымдастырылған «Құстар күні» мерекесі үлкен мәнге ие болды.

Екінші кезең. 1949 жылығы университеттің 14 наурызындағы №48 бұйрығына сәйкес зоология музейі биология музейі болып ашылып, омыртқасыздар зоологиясы, омыртқалылар зоологиясы, ботаника, дарвинизм бөлімдері болып қайта құрылды.
1950 жылы музейде тұңғиық су балықтары, Қазақстан балықтары, Қазақстанның кәсіптік аңдары, адамның шығу тегі атты витриналар жасалды.
Музейдің ары қарай дамуына зоология кафедрасының меңгерушісі, әрі профессоры Б.А. Домбровский үлкен үлес қосты. Ол музей тек университеттің ғана емес, Республикамыздың ғылми-зерттеу орталығына айналуына ат салысты. Музей дамуы, өркендеуі қажеттілігін және студенттер үшін қажет екенін сөзімен ғана емес, оқу процесінде пайдалану жолдары туралы үнемі әртүрлі ұсыныстар дайындап, насихаттап отырды. Б.А. Домбровский музей қоры тек қазақстандық зоологиялық обьектілермен ғана емес, сонымен бірге мүмкіндігінше КСРО-ның және іргелес мемлекеттердің құрлық және су омыртқалы, сонымен қатар омыртқасыздарымен толығу қажет екенін назарынан тыс қалдырған емес. Ол әрқашан да оқу процесінде пайдаланатын және музей қорын толықтыру мақсатында әртүрлі зоологиялық экспедиялар ұйымдастырып отырды.
Икар Бородихин, «Б.А. ескі професуралардың «зубр» тәрізді соңғы тұяғы екенін, олардың өте бағалы ғылыми жетістіктерін оқи отырып және әріптестерінің естеліктерінен біліп отырмын» деп еске алады. "Мен 1955 жылы биофакқа түскенімде, Б.А. Домбровский жасы үлкен ұстаздардың бірі еді. Бірақ ол жасының үлкендігімен көзге түскен жоқ, ол тектілігмен, сөз сөйлеу мәнерімен, энциклопедиялық білімділігімен, кербез жүрісімен ерекшеленді. Б.А. жеті тілді жетік меңгерген, соның ішінде латын тілін де жақсы білетін. Б.А. ерекше еске алам, себебі соның арқасында Қиыр Шығыста экспедиция да болып келдім. Бронислав Александрович музей қорын жаңа зоологиялық коллекциялармен толықтыру және оқу процесінің практикалық бөлігін жаңа материалдармен толықтыру мақсатында Қиыр Шығысқа экспедиция ұйымдастырды. Таңдау маған және курстас Лариса Солониноваға түсті. Біз ештеңеден хабарсыз жолға шықтық, білетініміз тек Владивостокта Тынық мұхитының балық шаруашылығы және Океанография институтының (ТИНРО) бар екенін естігенбіз. Бізге сонда баруымызға кеңес етті, ол жерде болғанымызда ойлағанымыздан әлде қайда жақсы қабылдады. Бізді балық аулайтын кішігірім сейнерге орналастырды, біз екі-үш апта Жапон теңізінде болдық, ауланған балықтардан бізге қажет түрлердің барлығын алуға рұқсат етті. Барлығы да мол еді (балықтарда, шаянтәрізділер де, ұлулар, голотурийлар, асцидии және т.б.). Біздің барып келгеніміз өте сәтті болды, бір камбаланың 14 түрін алып келдік. Бронислав Александрович өте риза болды, оның үстіне барлық жолға кеткен қаржыны өз есебінен төледі".
1965 ж. профессор Б.А. Домбровский зоолог профессор Пузановпен (Одесса қ.) хат жазысып, Қазақстанда жоқ музей экспонатын алатын болды. Ол Одессаның зоологиялық музейінен өз қаражатына кит (ұзындығы 25 метр финвалды) алу үшін қанша күш жұмсады. Ол университет қалашығында биология факультетінде өзі жобалауға ат салысқан кең музейде осы китті көруді армандады. Одесса зоологиялық музейінің әкімшілігімен келіскеннен кейін, Б.А. Домбровский музей меңгерушісі Р.И. Зайнудиновты және өзінің аспиранты Н.Ф. Ефимованы киттің қаңқасын алып келуге жұмсайды. Көз алдыңызға елестетіп көріңіз, Одесса музейіндегі китті бұзып бөлшектеп алуға, оны тауар таситын вагонға тиеу және келген соң университетке көлікпен тасымалдауға қаншама күш жігер жұмсалды. Осылармен қатар, Қара теңіздің балықтарының түрлерін де алып келді, оларды бірнеше Қазақстандық омыртқалы жануарларымен алмасу арқылы алды. Сол алып келген киттің қайда кеткені әлі күнге дейін белгісіз, қазіргі кезде ол музейде жоқ.
1968 жылы оқу процесіне және ғылми-зерттеу жұмыстарына қажет, сонымен қатар музей қорын толықтыру мақсатында Қиыр Шығысқа экспедициялар ұйымдастырылды, оған М.Х. Жұмалиев, М.Е. Дильмухамедов және студент А. Лилей барып келді. 1972 жылы зоология және ихтиология кафедрасының, ПНИЛ-дың қызметкерлері Дукравец Г.М., Бирюков Ю.А., Глуховцев И.В., Карпов В.Е., Көбегенова С.С., Меркулов У.А., Салина Р.М. Приморьеге (Владивосток, Находка, Ханка көліне) оқу және музей қорын гидробиологиялық және ихтиологиялық материалдармен толықтыру мақсатында экспедицияға барды. Камчаткаға 1980 жылдары екі рет В.П. Митрофанов және Ю.А. Бирюкова, ал 1985 жылы Г.М. Дукравец және Ю.А. Бирюкова ихтиологиялық материалдар алып келуге барып келді.
Музейдің қорын толықтыруда үлкен үлес қосқан б.ғ.д., профессор Нагимэ Замалиқызы Хусаинова, ол өзінің барлық экспедицияларынан (Арал, Каспий және Жерорта теңіздерінен) зоологиялық материалдар алып келіп жүрді. Ол материалдар осы уақытқа дейін оқу процесінің зертханалық сабақтарында пайдаланылады және оның біразы биология музейінде сақтаулы. Доцент М.Е. Дильмухамедов музей қорына Мадагаскардың жоғарғы оқыту мекемелерінің шақыртуымен болған үш жыл ішінде музей қорына Үнді мұхитынан жинаған ұлулардың 43 түрін сыйлап, жаңа жәдігерлермен толықтыруға атсалысты.

Үшінші кезең - музейдің жаңа ғимаратын жобалау және ұйымдастыру, сонымен оның толық қамтамсыз етіліп іске кірісуі. Музейдің қазіргі тарихы мен қалыптасуы ҚазССР ЖОО Минстрлігінің 1977 жылғы 29 маусым күнгі № 626 Бұйрығынан бастау алады. Осы бұйрықпен Музей ІІІ категория санатына жатқызылып және Еңбек Қызылту Орденді С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекетік университетінің оқу-көмекші бөлімі деп бекітілді.
Биология музейінің осы кезеңде қалыптасуына және ашылуына университет ректоры, академик Ө.А. Жолдасбековтың және биология факультетінің деканы И.О. Байтулиндердің еңбегі өте зор. 1970 жылы Университеттің болашақ қалашығын жобалау кезінде академик И.О. Байтулин (1966-1975 жылдары биология факультетінің деканы) оқу ғимаратының жобасына арнайы келешекте ашылатын музейді енгізді. Оны іске асырған профессор, академик, биология ғылымдарының докторы Мая Хажединқызы Шигаева (1975-1985 жылдары декан). Осы кісінің жетекшілігімен Музей Кеңесі құрылып, оған факультеттің барлық кафедраларының меңгерушілері және зоология мен ботаника кафедрасының жетекші мамандары қатысты [1].
Биология факультетінің жаңа ғимаратында 1977 жылы биология музейінің қабырға сөрелерінде (фауна және флора павильондары) ашылды. Алғашқы директоры болып зоология кафедрасының маманы Э.Ф. Родионов тағайындалды. Музейдің 1200 м2 аумағында төрт арнайы залы болды, ол жерге Қазақстанның ландшафтарын, жануарлар дүниесі мен өсімдіктер әлемін, сонымен бірге дүниежүзінің географиялық облыстарын сипаттайтын 20 диорама жасау керек еді.
1979 жылы музейде 4 адамнан тұратын эксперименталды таксидермиялық зертхана ұйымдастырылды, таксидермиялық зертхананың меңгерушісі болып Э.Ф. Родионов бекітілді. Эвальд Федорович Родионов кәсіби зоолог, таксидермияны толық меңгерген жоғарғы санаттағы маман, осы кісінің арқасында өте бай омыртқалы жануарлардың коллекциясы жинақталды. Э.Ф. Родионовтың тікелей араласуымен де ҚазССР Ғылым Академиясының табиғат музейі ашылды, әлі күнге дейін жұмыс істеп келеді. Ол студенттердің біразын таксидермия мамандығына үйретті және тәрбиелеп шығарды, қазіргі кезде шәкіріттері оның жұмысын жалғастырып жатыр. Айта кету керек, ол табиғаттың құбылыстары мен жануарлар дүниесін терең білуінің арқасында музейде диорамаларды өте жоғары деңгейде өнер туындысы есебінде жасай білді. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Биология музейі, оның өзінен кейін қалдырған сан қырлы өнерінің ескертіші болып ғасырдан ғасырға қала береді.
Биология музейінің көрме залын 1980 жылдан бастап арнайы музей қызметкерлері дайындаған тақырыптары бойынша экспозицияларды безендіру жұмыстары басталды. Оны орындаушы Алматының «Өнер» бейнелеу өнер комбинаты, жалпы жұмыс құны 229 мың сом болды. Орындау мерзімі 1980-1983 жылдар.
Музей экспозицияларын безендіру жұмыстарын 1979-1980 жылдары музей директоры және жұмыс тобының жетекшісі Л.С. Байтулина, жоғарғы санаттағы таксидермист Э.Ф. Родионов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, суретші К.В. Муллашевтар жүргізді.
Биология музейінің қызметкерлері 1980 жылы арнайы экспедицияға шығып музейге ботаникалық материалдар (өсімдіктердің түрінің 500-ден аса 1200 гербарийін) жинады. Осы материалдарды өсімдіктердің жүйесін, морфологиясы мен анатомиясы туралы экспозициялар жасауға, «Қазақстанның сирек және жойылып кету қаупі бар өсімдіктер», «Дәрілік өсімдіктер», «Малазықтық өсімдіктер», «Техникалық өсімдіктер» диорамаларын жасауға пайдаланды.
1984 жылы университеттің 50-жылдық мерей тойы қарсаңында музейдің көрме залы қалың көпшілікке арнайы ашылды. Көрме залын Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері Д.А. Қонаев, Н.Ә. Назарбаев, К.М. Аухадиев, А.А. Құлыбаев келіп ашты (3,4- суреттер).
Музейдің көрме залының диорамаларында Қазақстан табиғатының зоналары, ал сыртқы қабырға витриналарында жануарлар дүниесінің және өсімдіктер әлемінің жүйелігі қойылды.
Биология музейінің осы жобасын іске асырғандар: Л.С. Байтулина (музей директоры), Э.Ф.Родионов (1-ші директор және таксидермия шеберханасының меңгерушісі), Б.П. Жуйко (таксидермия зертханасының меңгерушісі), З.Т. Срединина - таксидермист-суретші, секторлардың жетекшілері: Банченко В.К., Ифантьева Л.В., Гаркуша Т., Кобегенова С.С., Хегай И.В., Малиновская В.А., Колтунов А., Алпысбаева М.З., Шыңғысова Р.К., Анциферова А.А., таксидермистер: Е.Э. Анохина, Т. Гусева, А. Муров, С. Кокоткин, Н.Н. Кикимов, жетекші маман - Ф.Ф. Карпов, лаборантар: Р.Ф. Илющенко, С. Шевяков, А. Аскаров [1, 3].
Байтулина Лидия Степановна 1955-1965 жж. университеттің ботаника бағының директоры (5-сурет). Аспирантураны бітіргеннен кейін ҚазССР ҒА-ның Бас ботаникалық бағына жұмысқа жіберілді. 1967 жылы университеттің биология факультетіне қайта оралды және «Табиғат қорғау және биологияны оқыту» кафедрасында кіші ғылыми қызметкері болып жұмыс істеді. 1979-2005 жылдар аралығында университеттің биология музейінің директоры болды, осы жылдар аралығында музей экспозияцияларын жасауға ат салысты, барлық жұмыстардың ұйымдастырушысы, әрі тақырыптардың мазмұнын жасады, қаржылық-материалдық қамтамасыз етуді, ғимаратты қайта құрастыруда және дәнекерлеу және көркем безендіру жұмыстарын өте сауатты ұйымдастыра білді. Музей залдарын безендіруде, музей қорын жануарлар мен өсімдіктер коллекциясын толықтыруда үлкен еңбек сіңірді. Л.С. Байтулина музей коллекцияларын толықтыруда өзінің жеке коллекционерлермен, Қазақстанның қорықтары мен ұлттық саябақтарындағы таныстары арқылы үлкен үлес қосты. Л.С. Байтулина көптеген биолог ғалымдар армандап өткен музейді оқу методикалық әрі кәсіби суретшілер деңгейінде және биология ғылымдарының классикалық материалдарын өте сауатты безендіруге ат салысты.
Музейдің дизайны, кескіндемесі, графикасы және мүсіндік туындамаларын “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері”, суретші К.В. Муллашевтың басқаруымен жүргізілді.
Муллашев Камиль Валиахметович - “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері”, профессор, ҚР Көркемөнер академиясының және Жаратылыстану Ғылымының академигі (6-сурет). 1967 жылы Н.В. Гоголь атындағы Көркемсурет училищесін, ал 1978 жылы В.И. Суриков атындағы Москва мемлекеттік институтын бітірді және ол КСРО-ның халық суретшісі Т.Т. Салаховтың класында оқыды. 1974 жылдан республикалық, бүкілодақтық және халықаралық көрмелеріне қатысып келеді. 1981 жылы ВЛКСМ-ның медалымен, ал 1984 жылы Францияның көркемсурет Академиясының күміс медалымен марапаталды. ҚазМУ-нің биология музейінен басқа, К.В. Муллашев Алматы қорығының Табиғат музейін және Астананың бірнеше музейлерін безендірді. 2005 жылы Москва қаласында оның жұмыстарының толық альбомы жарық көрді. 2016 жылы аса көрнекті суретші К.В. Муллашевқа “Тәуелсіздікке тарту” суреттер топтамасы үшін Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25-жылдығына орай ҚР әдебиет және өнер саласының Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Биология музейінің әр жылдардағы меңгерушілері мен директоры болғандар:
1. Горынин Алексей Ефимович ҚазМУ-де 1936 жылдан жұмыс жасады, 1941 жылдың 21 көкегінен 6 тамызға дейін зоология музейінің меңгерушісі болды.
2. 1941-1945 жылдары Емельянов А.А. және Дьяконов А.Н. музей меңгерушілері.
3. Бажанов Валериан Семенович ҚазМУ-де 1937 жылдан қызмет еткен, ал 1945 жылдың 7 мамырынан 1946 жылдың 10 қыркүйегіне дейін зоология музейінің меңгерушісі.
4. Хахлов Виталий Андреевич, б.ғ.д., 1947-1951 жылдары университетте қызмет етті, зоология музейінің меңгерушісі, одан кейін биология факультетінің омыртқалылар зоологиясының меңгерушісі болды.
5. 1947-1960 жылдары музейді Шаменов Г.Ш., Касымов Р., Иссык В., Москалёв А. басқарды.
6. Зайнутдинов Руфим Имамович ҚазМУ-де 1955 жылдан жұмыс жасады, ал 1960 жылдың 17 қазанынан 1966 жылдың 1 наурызына дейін биология музейінің меңгерушісі.
7. Аракелянц Валерий Сократович ҚазМУ-де 1966 жылдан жұмыс істеді, 1966 жылдың 29 қыркүйегінен 1967 жылдың 23 қазанына дейін биомузейдің меңгерушісі.
8. Родионов Эвальд Федорович ҚазМУ-де 1967-1986 жылдары қызмет етті, 1967 жылдың 28 қарашасынан биомузейдің меңгерушісі, 1977 жылдың 1 шілдесінен 1979 жылдың 2 қазанына дейін биология музейінің бірінші директоры, ал сол жылдың 3 қазанынан бастап таксидермиялық қайта өңдеу шеберханасының меңгерушісі болып 1986 жылдың қыркүйегіне дейін қызмет етті.
9. Байтулина Лидия Степановна 1979-2005 жылдары - университеттің биология музейінің директоры.
10. Надырова Орынбүбі Орманқызы университетте 1968 жылдан қызмет етді, 2004-2010 жылдары биология музейінің директоры.
11. Мұсабеков Қылышбай Сәтімбекұлы, б.ғ.к., университетте 2008 жылдан қызмет етеді. 2008 жылдың 28 шілдесінен 2010 жылдың по 19 қыркүйегіне дейін биология музейінің директорының орынбасары, ал 2010-2016 жылдары - директор. 2016 жылдың қыркүйек айында музейді оңтайландыру кезінде директор қызметі қысқартылып бас маман қызметіне ауыстырылды, осы қызметте қазіргі кезде де жұмыс жасап жүр. Оның тікелей басқаруымен музей қоры қайта жүйелендірілді, омыртқалы жануарлардың электронды каталогы дайындалды. Музейде жаңа экспозициялар: тұран жолбарысы, керқұлан, қалқанқұлақтардың және т.б. басқа аңдардың нақтұлыптары жасалып, көрме залына қойылды. Музейдің қызметтері жайлы, музей қорын толықтыруға атсалысқан ғалымдарды еске алып, бірнеше ғылыми-практикалық жиын ұйымдастырды. Музей тарихы мен қоры туралы мақалалар сериясын шығара бастады.
Оқу процесіне қосқан үлестері үшін, оқу және қор коллекцияларының санын көбейтуге атсалысқаны және келуші көрермендерге мінсіз қызметі үшін Жоғарғы оқу Минстрлігінің 1991 жылдың18 қазанындағы жарлығымен музей 1 категорияға көшіріліп, республикалық маңызы бар музейлер деңгейіне ауыстырылды [1].

Төртінші кезең 2011 жылдан басталады және университет ректоры, академик Ғ.М. Мұтановтың атымен тығыз байланысты (7-сурет). Осы жылдары үлкен көрме залында Орта Азия және Қазақстанның аңдарының патшасы - «Тұран жолбарысы (Panthera tigris virgata Illiger, 1815), керқұлан (Equus przewalskii Poljakov, 1881)» және «Қасқырлардың үйірі» сияқты нақтұлыптар пайда болды. Сонымен қатар «Биология музейінің тарихы», «Родионов Э.Ф. - Қазақстан таксидермия мектебінің негізін салушы», «Қалқанқұлақ - биология музейінің мақтанышы» атты жаңа диорамалар жасалды.
2016 жылы музей тарихында Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 25 - жылдығына және Биология мұражайының 80 жылдығына арналған «Қазақстан және оған шектес аумақтардағы биоалуантүрлілікті табиғатта және коллекцияларда сақтау» атты алғашқы рет Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы ұйымдастырылды және өткізілді. Конференция жұмысына 5 мемлекет - Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан қатысты, сонымен қатар 42 мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың ғалымдары және музей қызметкерлері қатысты.
Университеттің биология музейі Биология мамандығы бойынша бакалавр, магистрант және PhD мамандықтарын дайындайтын ғылыми-зерттеу және ғылыми-ағарту орталығы болып саналады.

Биологиялық мұражай